Алматының тауында қиындыққа тап болған азамат SOS сигналы арқылы аман қалды

Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Алматының Медеу ауданында тауда жалғыз серуендеп жүрген жігіт құтқарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

«Мыңжылқы» үстіртінен түсіп келе жатқан туристер қараңғыда SOS белгісін беріп тұрған жарықты байқайды. Қашықтық алыс болғандықтан, айқайлаған дауыс естілмеген. Құтқару қызметі мен ТЖМ «Барыс» жасағы дереу көмекке аттанды.

Құтқарушылар оқиға орнына жетіп, жартаста тұрып қалған адаммен байланыс орнатты. Белгілі болғандай, 1996 жылы туған азамат ешқандай дайындықсыз және жабдықсыз тік жартасқа шықпақ болған.

Жігіт жотамен жалғыз келе жатып, тайып кеткен. Құлау кезінде ішінде жылы киімдері бар рюкзагі төмен құлаған. Ол тек спорттық костюммен және қолындағы кішкентай фонарьмен тар белдеуде қалып қойған. Өз бетінше түсе алмаған соң, SOS сигналын бере бастаған.

Бес сағатқа созылған күрделі өрмелеуден кейін құтқарушылар зардап шеккен азаматқа жетті. Оны құтқару үшін мамандар кәсіби сақтандыру құралдарын қолданып, жартастың жоғары жағынан түсу арқылы күрделі маневр жасады. Құтқарушылар жігітті аман-есен төменге түсірді. Оған медициналық көмек қажет болмады.

Бұған дейін Қапшағай су қоймасында мұз жарылып, автокөлік суға батып кеткен. Ішіндегі екі әйел құтқарылды.