Алматының таулы аймақтарында блок-бекеттер қойылады

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының таулы аумақтарында қар көшкіні қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр. Бұл туралы «ҚР ТЖМ Қазселденқорғау» ММ және Алматы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Мамандардың мәліметінше, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қар көшкіні қаупі бар учаскелерде блок-бекеттер қойылады.

– Құтқару қызметтері азаматтарды таулы аймақтарға барудан уақытша бас тартуға және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға үндейді, - делінген хабарламада.

Сондай-ақ қар көшкіні қаупі бар аумақ арқылы өтетін автожолда қозғалыс көшкін жағдайы тұрақталғанға дейін уақытша жабылады.

Тауға баруды жоспарлаған тұрғындар ауа райын және ресми ескертулерді ескергені жөн.

Еске салайық, бұған дейін қар көшкіні қаупіне байланысты Богданович мұздығында шектеу күшейтілгенін жазғанбыз.