Алматының цифрлық сыңары: 5 жылдан бері талқыланып келе жатқан жоба қандай сатыда

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қаланың цифрлық сыңарын әзірлеу жұмысы бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Алматы қаласының цифрлық сыңарын жасау бастамасы алғаш рет 2021 жылы айтылды. Ол көлік, өнеркәсіп, энергетика, ғимараттар, суды тұтыну мен суды бұру, жерді пайдалану сияқты мегаполистің даму секторларын қамтитыны хабарланды.

2022-2024 жылдар аралығында аталған жоба Сингапур және Шанхай сияқты мегаполистердің цифрлық шешімдеріне ұқсас жасалатыны айтылып, ол жоспарлау сатысында болды.

Былтыр Алматының цифрландыру басқармасы Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы SUTPC компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру көзделген пилоттық жоба бойынша техникалық тапсырма әзірленіп жатқанын хабарлады. Ведомство жобаны қаржыландыру Қытайдың халықаралық даму жөніндегі ынтымақтастық агенттігінің (China International Development Cooperation Agency) грант қаражаты есебінен жоспарланғанын атап өтті.

2026 жылдың басында Алматының «Жас Қанат» шағынауданы пилоттық кезеңде цифрлық көшірмесі жасалатын аумақ ретінде белгіленгені белгілі болды.

Kazinform агенттігі жауапты басқармаға қайта жүгініп, мегаполистің цифрлық сыңарын әзірлеу бойынша жұмыс қаншалықты алға жылжығанын сұрады. Оған жауап берген цифрландыру басқармасының өкілдері қазір жоба әлі де пысықтау сатысында екенін айтты.

Ведомство жауабына сәйкес, бірінші кезеңде қалалық инфрақұрылым мен инженерлік желілерді толық түгендеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша алынған мәліметтер жүйелендіріліп, цифрлық форматқа көшіріледі.

Одан кейінгі кезеңде қаланың цифрлық егізінің негізі болатын ауқымды ақпараттық жүйені әзірлеу көзделген. Бұл жүйе қалалық деректер мен инфрақұрылымды кешенді басқаруға мүмкіндік бермек.

- Қаланың цифрлық сыңары қалалық деректер мен инфрақұрылымды бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіруге, қаланы басқару тиімділігін арттыруға, қалалық жоспарлау мен болжау процестерін жетілдіруге, сондай-ақ қаладағы мәселелерді жедел анықтап, оларды шешуге мүмкіндік береді, - делінген цифрландыру басқармасының жауабында.

Еске салайық, биыл 28 қазандағы Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкіметке әкімдіктермен бірге қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын әзірлеуді тапсырды.