«Алматы–Талдықорған» газ құбырының екінші желісі салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы және Жетісу облыстарын қосымша тауарлық газ көлемімен қамтамасыз етуге бағытталған «Алматы–Талдықорған» магистральдық газ құбырының екінші желісі жобасы іске асырылуы мүмкін.

Фото: «Азия газ құбыры» ЖШС

Бұл туралы ҚР Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жоба өңірлердің дамуына серпін беретін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі.

— Алматы облысы мен Жетісу облысының дамуына серпін беретін тауарлық газдың қосымша көлемімен қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды жоба — «Алматы–Талдықорған» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаны қаржыландыру мәселесі қаралады, — деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Оның айтуынша, ел тұрғындарын табиғи газға толық қолжетімділікпен қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі бірқатар өңірді газдандыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

— Бұдан бөлек ел халқын табиғи газбен қамту үшін қазіргі кезде ҚР Энергетика министрлігі елдің солтүстік және шығыс өңірлерін — Солтүстік Қазақстан облысы, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газдандыру мәселесін пысықтауда, — деді Тұтқышбаев.

Министрлік мәліметінше, аталған өңірлерді газдандыру Қазақстандағы табиғи газға қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған.

Айта кетейік, Қазақстанда газ тұтынуға әлеуметтік норма енгізілуі мүмкін.