«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, 4 қазанда № 701 «Алматы- Астана» пойызының № 20 вагоны 5-купесіндегі жолаушылар қоғамдық тәртіпті бұзған. Жастар жолда спирттік ішімдік ішіп, жолсеріктің ескертуіне құлақ аспаған.
«Купедегі құрал-саймандар мен ішкі жабдықтарды зақымдаған төбелескіштерді Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері ұстады. Олардың компанияға келтірген залалы анықталып жатыр», - деп атап өтті компанияның баспасөз қызметі Instagram-дағы видеороликке пікір білдіре отырып.
Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 қазанда Қарағанды-Жолаушылар стансасында «Алматы-Астана» бағытындағы жолаушылар пойызы басшысының акті бойынша полиция қызметкерлері аталмыш пойыздың 32 жастағы жолаушысын Қарағанды- Сортировочный стансасында түсіріп алып қалған.
Тексеру барысында азаматтың Әкімшілік кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе мас күйде болу») бойынша әкімшілік құқық бұзғаны анықталды.
Әкімшілік іс қозғалып, оған 5 АЕК көлемінде, яғни 12 025 теңге көлемінде айыппұл салынды.