Алматы билбордтарында полицейлердің суреті жарияланады
Ерлік жасаған 10 полицейдің суреті 23 маусымда күні бойы көрсетіліп тұратын болды.
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек айтты.
«Тәуелсіздік алғалы бері Алматы полициясында 20-дан астам тәртіп сақшысы Мемлекеттік марапат алған. Олар қылмысты ашуда, адамдарды құтқаруда, қоғамдық тәртіпті сақтауда ерлік танытып, көзге түскен азаматтар. Осындай 10 азаматты іріктеп алдық. Қаламызда билбордтарды әрлеумен айналысатын компаниямен бірлесе отырып, арнайы фотосессия жұмыстарын жүргіздік. Ел тыныштық үшін тер төгіп жатқан батырларын білуі керек», - деді Салтанат Әзірбек.
Олардың арасында капитан Баймұхан Қуат бар. Полиция қызметкері жанып жатқан үйге өзінің серігімен бірге ойланбастан қойып кетіп, қариялар мен 2 баланы аман алып шыққан.
Лейтенант Еркебұлан Қаржаубаев 7 қабаттан секіріп кетпек болған әйелді құтқарып қалды. Полицей 8-қабаттан 7-қабатқа арнайы тросс арқылы өрмелеп кірген.
Жергілікті полиция қызметінің жол патрульдік полиция полкінің қызметкері Рахметхан Хакимахунов 3 жастағы қызын пышақтап, 5-қабаттан лақтырам деген отағасын зарарсыздандырған болатын.