Алматы маңынан қару-жарақ жасырылған қойма табылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы маңында тағы бір қару-жарақ жасырылған қойма табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция мәліметінше, қару-жарақ қоймасы Іле ауданы, Алматы - Өскемен тасжолының бойында жасырылған.

«Оны жергілікті қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері анықтады. Қоймадан 22 калибрлі «Марлин» және 308 калибрлі «Tikka» мылтығы табылды. Белгілі болғанындай, атыс қарулары Алматыдағы қару-жарақ дүкендерінің бірінен қаңтар айындағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған»,- деп хабарлады полициядан.

Қару- жарақ баллистикалық сараптамаға жіберілді.

Тергеу аяқталғаннан кейін қару заңды иесіне қайтарылады.

2022 жылдың басынан бері Алматы облысында 200-ге жуық атыс қаруы тәркіленді. Оның 133 тапанша.