Алматы облысында 16 полицей «Халық алғысы» медалін иеленді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында 16 полицей «Халық алғысы» медалін иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жаһанды жайлаған коронавирус індетіне қатысты пандемия кезінде тәртіп сақшылары блокпостарда тәулік бойы кезекшілікке түсіп, карантиндік аймақтардың бұзылмауын қадағалап, науқастармен байланыста болған адамдардың орналасқан жерін анықтады. Тәулік бойы өз отбасыларынан жырақта қызмет атқарды, өздеріне бекітілген аумақта карантин талаптарының қатаң сақталуын профилактикалық тексеруді тұрақты жүзеге асырды. Сонымен қатар, қылмыстарды ашып, құқық бұзушылар мен қылмыскерлерді ұстады.

Марапатқа ие болғандар қатарында учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция батальонының инспекторлары, Талдықорған ҚПБ патрульдік полиция ротасының инспекторлары, уақытша ұстау изоляторларының қызметкерлері, ЖПҚБ қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету тобының инспекторлары бар.

Күрделі вирустық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, марапаттарды қызмет көрсету орындарындағы басшылар табыс етті.