Алматы облысында 50-ден астам үш ауысымды мектеп бар

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат – Алматы облысында 50-ден астам үш ауысымды мектеп бар. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың аталған өңірге жұмыс сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматы облысында жұмыс сапарымен болдым. Тамыз конференциясына қатысып, азаматтарды жеке қабылдадым, Қонаев қаласы мен өңірдегі ауыл мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығын қарадым. Тамыз конференциясына 200-ден астам педагог қатысты. Әріптестеріме алдағы оқу жылына қойылған міндеттер, атқарылған жұмыстар туралы баяндап бердім. Әкім Марат Сұлтанғазиев бастаған жаңа облыс әкімдігі білім саласын дамыту мен қаржыландыру мәселелеріне үлкен көңіл бөліп отыр, сондай-ақ кешенді бағдарлама бекіту жоспарланған. Ең түйткілді мәселе – облыста 50-ден астам үш ауысымды мектептің болуы. Бұл мәселені шешу үшін жаңа стандарттар бойынша 60-тан астам мектеп салу жоспарланып отыр. Облыста мектептердің құрылысын келесі жылы бастау жоспарланған», - деп жазды министр желідегі парақшасында.