Алматы облысында ауылдасын ұрып өлтірген күдікті ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында ауылдасын ұрып өлтірген күдікті ұсталды. Қазір 1988 жылғы азамат 59 жастағы ер адамды өлтірді деп айыпталуда.

Оқиға Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 24-ші қазан күні Шонжы ауылындағы жер үйлердің бірінен 59 жастағы ер адамның мүрдесі табылған. Сарапшылардың алғашқы болжамы бойынша, марқұм соққыдан көз жұмған.

«Анықталғандай,  17 қазан күні 59 жастағы ер азамат өзінің ауылдастарымен бас қосып, ішімдік ішкен. Сол сәтте сондағылардың бірімен сөзге келіспей, соңы төбелеспен аяқталған. Сол кезде ер адам түрлі дене жарақатын алған. Сүйектері сынған. Қазір күдікті азамат ұсталды», деді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 160 бабы 3-ші бөлігіне сәйкес іс қозғалып, тергеу жалғасуда. 1988 жылғы күдікті  қамауда отыр.