Алматы облысында бір қора қойды айдап кеткен ұры ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында соңғы үш күнде мал ұрлығына қатысты он қылмыстық істің ізі суымай ашылды. Соның ішінде бір түнде елу қойды айдап әкеткен күдікті де құрықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетерлігі, Алматы облысының аумағында 26-28 қаңтар аралығында «Мал ұрлығы» республикалық жедел-алдын алу шарасы жүргізілген болатын.

«Жедел алдын алу шарасы барысында облыста 11 мал ұрлығы тіркелсе, оның 10-ы ізі суымай жатып ашылды. Аталған фактілер: Ұйғыр ауданында  3, Ақсу және Кербұлақ аудандарында  2 оқиғадан тіркеліп отыр. Бұнымен қоса, бұрын жасалған 26 ұрлықтың да беті ашылды. Криминалды полиция қызметкерлері үш күн ішінде Алматы облысы бойынша ұрланған 109 бас малды иелеріне қайтарып берді», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жедел шара барысында мал ұрлады деген күдікпен 11 адам құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Сонымен қатар, Іле ауданының тұрғыны 51 мал бас қойды ұрлады деген күдікпен ұсталды», - деп хабарлайды тәртіп сақшылары.