Атап айтқанда, бүгін сағат 17.00-ден бастап «Сарыөзек-Көктал» автожолының 45-68 шақырым аралығында (Алтын Емел асуы), яғни «РСУ-1» ЖШС реконструкция учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынды.
«Төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында көлік иелеріне алыс сапарға шықпауға кеңес беріледі. Оқыс жағдай орын алса, 1403 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласуға болады», - делінген ведомство мәліметінде.
Еске салайық бұған дейін қар, боран және жолдың нашар көрінуіне байланысты Жамбыл облысындағы «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының 160-238 шақырым аралығы (Кенен және Благовещенка кенттері арасындағы учаске) көліктің барлық түрлері үшін жабылды.
Бүгін Жамбыл облысында қатты дауыл соғып, салдарынан Тараз қаласында нысандардың жартысынан көбі электр жарығынан ажыратылды, электр тасымалдау желілері істен шықты, көптеген ғимараттың шатыры жұлынып, ағаштар құлады, автомобильдер бүлінді.
Дауыл салдарынан қазіргі уақытта бірқатар аудан жарықсыз және көгілдір отынсыз отыр. Осы уақытқа дейін қарлы боранда жолда қалып қойған 26 адам құтқарылды.
Сондай-ақ бүгін Түркістан облысында боран салдарынан 44 елді мекен жарықсыз қалып, жолдар жабылды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында 23 бағыт бойынша электр энергиясын беру тоқтатылды. Мектептер онлайн оқуға ауыстырылды.