Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 наурыз күні Қарасай аудандық полиция бөлімшесіне 48 жастағы Іргелі ауылының тұрғыны жүгінген. Ол 28 жастағы қызы екі жасар баласымен бірге жоғалғанын және қызының ішімдікке бейім екенін жеткізген. Ол жас балаға қауіп төнуі мүмкін деп санаған. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп 8 наурыз күні жоғалған әйелді баласымен тапты. Олар Іргелі ауылындағы анасына жеткізілді.
«Хабар-ошарсыз кеткен ішімдікке бейім әйел кішкентай баласымен анасына жеткізілді. Анықталғандай 28 жастағы әйелдің анасы үйінде осы қызының 10 жастағы баласын бағып отыр. Ішімдікке бейім келіншекке тиісті шара қолдану үшін әкімшілік хаттама толтырылды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомствоның ақпаратына сәйкес жоғалған ана мен баланы іздеуге Алматы қаласындағы Жетісу аудандық бөлімшенің тәртіп сақшылары көмектескен.