Алматы облысында көлікті мас күйде айдаған екі жүргізуші ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында карантин енген түні, яғни кеше өңір бойынша жол үстінде масаң күйде көлік айдаған екі жүргізуші ұсталды. Оқиғаның бірі облыс орталығында, екіншісі Ұзынағаш ауылында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Барлық жүргізушілердегі тиісті құжаттардың болуын және олардың карантиндік режимді сақтауын тексеру барысында, түн жарымында «Тойота Камри» автомобилінің рулінде болған және бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылған Талдықорған қаласының 25 жастағы тұрғыны ұсталды.

Екінші оқиға Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тіркелген. «Субару Легаси» автокөлігін тоқтатқаннан кейін, аталған көлік жүргізушісінің Қайназар ауылының масаң күйдегі 38 жастағы тұрғыны екендігі анықталды. Екі жүргізуші де наркологиялық сараптамадан өткізілді», - деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Аталған деректер ҚР ҚК 346-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

«Көлік құралдары айып тұрағына қойылды. Ұсталған азаматтар мекен-жайын өзгертпеу туралы қолхатпен босатылып, сотқа дейінгі тергеу материалдары сотқа жіберілді», - деп толықтырды полковник А.Нұрсапа.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысында 15 сәуірден бастап карантин енгізілді.