Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков балалардың жағдайын арнайы барып, біліп қайтты. Қазіргі таңда 2012 жылғы екі оқушы әлі ес-түзсіз жатыр.
«Екі науқастың жағдайы өте ауыр. Ес-түзсіз жатыр. Шелек аудандық ауруханасында ем қабылдауда. Күнделікті Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасынан дәрігерлер келіп, балалардың денсаулығын қарап, қадағалап отыр», - деді Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілі Ләйлім Әубәкірова.
Ведомство өкілінің мәліметінше, 2011 жылғы үшінші қыз баланың аяғына ота жасалған. Оның жағдайы орташа ауыр. Дәрігерлер 9 жастағы баланы Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасына ауыстырған.
Естеріңізге сала кетейік, 2 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданында мас жүргізуші сабақтан қайтып келе жатқан 4 оқушы қызды көлігімен қағып кетті. Оның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Балалар 8-9 жаста.
Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас жүргізушіге қатысты тергеуді өз бақылауына алды.