Алматы облысында пәтер тонаушылар ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында пәтер тонаушылар ұсталды. Жамбыл аудандық ІІБ ұрылардың бес мүшесін қолға түсірді, қазір күдіктелер қамауда отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ұсталған адамдардың бес бірдей пәтер ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Топтың бағалы әшекей бұйымдармен техникалық заттарды қолды қылғаны анықталды. Қазірдің өзінде келтірілген шығын 1 млн теңгеден асып кеткен.  Облыстық  ІІД мамандарының мәліметінше, ұрылардың қылмысын дәлелдейтін заттар бар. Оның ішінде әшекей бұйымдар, теледидар сынды дүниелер тінту барысында табылған. 

Ұсталған адамдардың жасы 25 пен 35 жас аралығында. Алматы облысының Қарасай және Жамбыл облысының Қордай аудандарының тұрғындары. Қазір аталған азаматтардың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. 

Еске сала кетейік, Алматы қаласында өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарына байланысты  Алматы облысында  «Құқықтық тәртіп» шарасы басталған болатын. Полиция қызметкерлері белсене жүргізіп жатқан бұл шараға мыңға жуық қызметкер тартылған. Олар  Алматы қаласына жақын орналасқан облыстың Талғар, Қарасай, Іле, Жамбыл және Еңбекшіқазақ аудандарын қамтуда. Барысында  бірқатар бағытта, атап айтқанда көші-қон, есірткі бизнесімен күрес, сондай-ақ лицензиялық-рұқсаттама бойынша рейдтер өткізеді. Басты мақсат - облыс бойынша жедел жағдайды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.