Алматы облысында полицейлер пойыз үстінен екі жасөспірімді түсірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері жолаушылар пойызының үстінде жүрген екі жасөспірімді түсірді.

11-21 мамырда ҚР ІІМ көліктегі ІІД қызмет көрсету аумағы учаскелерінде «Қауіпсіз қала» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Шараны өткізуге көлік полициясының 800-ден астам қызметкері, мемлекеттік органдар мен қоғамдастық өкілдері жұмылдырылды.

Рейдтік шара барысында көлік полициясы қызметкерлері Байсерке (Алматы облысы) стансасында вагон үстінен 2000 және 2001 жылы туылған екі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді ұстады. Олар пойыздың электр сымына түсіп, жарақат алуы немесе құлап кетуі мүмкін еді.

Өз бетімен жүрген жасөспірімдер жағдайы нашар отбасылардан шыққаны анықталды. Олар кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Ата-аналарында қатысты әкімшілік шара қабылданды, делінген хабарламада.

Сондай-ақ операцияның бірінші күнінде темір жол және әуе көлігі нысандарындағы қоғамдық орындарда халықтың мазасын алған 22 адам (10- қайыр сұрау, 6 -жеке тасымал қызметін көрсету, 6 - темір жол вокзалдары мен жолаушылар пойызында заттар сатумен айналысқандар) ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқық бұзушылар жалпы сомасы 150 мыңнан астам теңге айыппұл төледі.