«Нелегал» атты республикалық алдын алу шаралары барысында облыстық ІІД полицейлері көші-қон заңнамаларын бұзғандарды анықтауда жұмысын күшейтті. Көші-қон полициясы, учаскелік полицейлер мен патрульдік қызмет өкілдерінен арнайы топтар құрылып, облыс аумағында рейд ұйымдастырылды. Шараның бірінші күнінде 430-дан астам шет ел азаматтары көші-қон заңдарын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. 126 адам әкімшілік қамауға алынды. 40-тан астам шетелдікке сот үкімі шығарылып, өз елдеріне қайтарылды. Тексеру барысында тәртіп сақшылары заңсыз еңбек күшінің базарын, екі азаматтық алу, шет ел азаматтарының заңсыз жұмыс жүргізуі мен қазақстандықтардың да көші-қон заңдарын бұзу фактілерін анықтады.
Жергілікті 40 тұрғынға ірі көлемде айыппұл салынып, олардың 7-еуі өзге ел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартып отырғандығы әшкереленді. Сондай-ақ жергілікті қабылдаушы-бөлуші мекемелеріне жеке басын куәлендіретін құжаты жоқ 47 адам жеткізілді. Олардың басым бөлігі қаңғыбастықпен және қайыр тілеумен айналысқан. Тағы бірнеше шет ел азаматына қылмыстық өндіріс қозғалып, ҚР ҚК 393 бабына сәйкес елден көшірілді. Полицейлердің «Нелегал» алдын алу шарасы Қазақстан аумағында әлі бірнеше күн жалғасады.