Алматы облысында үш күн ішінде 34 мас жүргізуші ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында үш күн ішінде 34 мас жүргізуші ұсталды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25-27 тамыз аралығында облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» шарасы өтті. Полицейлер 3591 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Департаменттің баспасөз қызметінің мәліметінше, жылдамдықты асырғаны үшін 268 құқық бұзушы жауапқа тартылған. Қарама-қарсы жолаққа шыққаны үшін төрт адам, жаяу жүргіншіге жол бермегені үшін 75 жүргізушіге хаттама толтырылған. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге 476 әкімшілік хаттама толтырылды.

Көлікті мас күйде басқарғаны үшін 34 жүргізуші ұсталды, оның ішінде 32-сі ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал екеуіне қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Өйткені оларды бұрын сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырған.

25 тамызда түнде Қаратал ауданы Ортатөбе ауылында наурыз айында 3 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған «ВАЗ-21063» автокөлігін басқарған 45 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Қарасай ауданында «Мерседес бенц» автокөлігімен Ақсеңгір стансасының 52 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол да бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған.

Екі факті Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Күдіктілерге сотқа дейінгі ешқайда кетпеу жөнінде қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды.