Осы уақытқа дейін учаскелік полицейлер ауыл әкімдігінің бір бөлмесін паналайтын. Сондай-ақ, тағайындалған елді мекенде баспана мәселесі де қиын болатын. Жетісу жеріндегі жаңа бастама полиция қызметкеріне де, ауыл тұрғындарына да ыңғайлы. Инспектор өз жұмыс орнынан табылып, отбасының баспана мәселесіне алаңдамайды.
Жыл соңына дейін өңірде 63 осындай жаңа тірек пункттері ашылады. Ғимараттар құрылысына облыс бюджетінен 1,2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Осындай жаңа үлгідегі пункт Сарқан ауданындағы Екіаша ауылында салтанатты түрде ашылды.
Бұл ауылдағы учаскелік полицей, полиция капитаны Нұрлан Ғалиевтің жұмыс аумағында 5 мыңнан астам халық тұрады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыстың алдын алуда жаңа пункт өте қолайлы. Облыстық ІІД бастығы генерал-майор Мұрат Ұрымхановтың айтуынша, бұл тәртіп сақшыларының еңбек өнімділігін де арттырады. Демек учаскелік полиция қызметкері ары-бері жүріп, уақыт кетірмейді. Үнемі жұмыс орнынан табылады.