Алматы облысында жоғалған жасөспірім Қызылордадан табылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық полицейлер қала көшесінен Алматы облысында іздеуде жүрген жасөспірімді тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылық әріптестерінен келіп түскен бағыт-бағдар бойынша Қызылорда облысы полиция департаментінің жеке құрамы құлақтандырылды. Хабарламада 18 желтоқсанда сағат 15.30 шамасында Алматы облысы Қарасай ауданы тұрғынының 12 жастағы баласы жоғалып кеткені айтылған.

Жасөспірім Үшбұлақ ауылындағы ата-әжесінің үйінен белгісіз бағытқа шығып кетіп, қайта оралмаған. Аталған хабарламадан кейін қызылордалық полицейлер жедел іздестіру шараларын қолға алды.

«Ювеналды полицейлер оны 21 желтоқсан күні кешкі сағат 20.45 шамасында Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесінен тапты. Қызылорда қалалық полиция басқармасының инспекторы Мұрат Байназаров жасөспірімді Қызылорда облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның хабарлауынша, полицейлер жоғалған жасөспірімнің ата-анасымен хабарласқан. Олардың Қызылордаға келуі күтілуде. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталуда.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Өскеменнен Қызылордаға келіп, қаңғыбас болып кеткен әйел аман-есен табылды.