Алматы облысында жыл басынан бері 546 рет төтенше жағдай болды – вице-министр

ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Бүгін Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев Алматы облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы облысының ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу онлайн режимде өтті. Вице-министр жұртшылықты министрліктің жыл басынан бергі қызметінің қорытындылары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

«Өңірдегі жағдай тұрақты. Есепті кезеңде төтенше жағдайлар саны 11,2%-ға азайды, 546 жағдай тіркелді, қаза болғандар саны 45,9%-ға азайды. Жалпы 4752 шығу жүзеге асырылды, 114 адам құтқарылды және 206 адам эвакуацияланды», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Ведомствоның мәліметінше, өңірде 1 қазаннан бастап жылыту кезеңі басталды. Барлығы 269 190 тұрғын үй есепке алынды, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы халық саны - 6 032.

«Әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс халқының әлеуметтік осал топтарының 1492 үйінде 926 көміртегі тотығын анықтау датчигі және 566 түтін детекторы орнатылды, сондай-ақ 146 үйдің пештері жөнделді және 84 үйге электрмен жабдықтауды жөндеуге көмек көрсетілді»,- деп хабарлады Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.