Алматы облысында Зинур Хамитовті өлтірді деген күдікпен 4 адам ұсталды

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері Зинур  Хамитовті ұрып өлтірді деген күдікпен 4 адамды қамауға алды. Марқұмның анасы 23 тамыздан бері баласының хабарсыз кеткенін айтып полицияға шағымданған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының тұрғыны баласы Алматы облысының Талғар ауданындағы танысына  кетіп, сол күйі оралмағанын айтқан. Келесі күні Талғардағы саяжайлардың бірінде ұрып-соғып өлтірілген ер адамның денесі табылады. Анықтай келе марқұмның жоғалған З. Хамитов екені расталды.

«Талғар аудандық ІІБ және облыстық криминалды полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді тез анықтады. Олар 1994-1998 жылғы 4 жігіт болып шықты. Ұсталған күдіктілер тергеу барысында  кінәларын мойындап,  уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Және айғақ заттар да табылды», - деп мәлімдеді облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2- бөлігіне сәйкес сот алды тергеу жұмыстары басталды. Аталған ведомства хабарлағандай, қоғамның назарын аударған іс Алматы облыстық ІІД тергеу басқармасының қатаң бақылауына алынды.