Алматы облысының полициясы қару ұрлап, қарақшылық жасаған Шу қаласының тұрғынын ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірде 24-26 шілде аралығында жүргізіліп жатқан «Іздеу» операциясы барысында 1991 жылғы ер азамат ұсталды, деп хабарлайды Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Құқық қорғаушылар бір тәулікте іздеу салынған 11 қылмыскерді ұстап, із-түзсіз жоғалған 2 адамның тұрғылықты жерін анықтаған.

«Райымбек АІІБ қызметкерлері Жамбыл облысы Шу қаласының 26 жастағы тұрғынын ұстады. 2016 жылдың қазан айында күдікті топпен бірге қару қолдану арқылы Нарынқол елді мекеніндегі кәсіпкердің отбасын тонап, зергерлік бұйымдарын, қарулары мен жалпы сомасы 4 млн теңге болатын қаржысын алып кеткен. Қазір ұсталған азамат қамалды», - деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.

Іздеу салынған күдіктінің 4 сыбайласы өткен жылы ізі суымай ұсталып, жауапқа тартылғандығы анықталды.

«Ұсталған азаматқа қатысты ҚР ҚК 192-бабы 3-тармағы «Қарақшылық» мен ҚР ҚК 291-бабы 3-тармағы «Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу» бойынша қылмыстық тергеу жүріп жатыр», - деп атап өтті полицияда.