Алматы облысының полициясы мергендерін анықтады

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат -  Алматы облысының полициясы мергендерін анықтады. Халықаралық əйелдер күні қарсаңында өткен жарыста нəзік жандылар өзара сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Макаров тапаншасынан ату бойынша жарысқа ІІД-нің барлық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
 

Бірінші орынды Жергілікті полиция қызметінің өкілі Светлана Жаксенова жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орынды Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Айгүл Нұрмұханова мен Жедел жоспарлау басқармасының инспекторы Меруерт Моряковаға бұйырды.

Қазіргі уақытта облыстық полицияның жеке құрамының 7,5%-ын әйелдер құрайды. Олардың негізгі бөлігі тергеу, штаб және кадр бөлімшелерінде, және де көші-қон полициясында қызмет етуде.  10-ға жуығы «полиция полковнигі» атағына жетіп, қазір басшылық лауазымдарда қызмет етуде.
 

«Бүгінгі күні әйел адамдар барлық салада қызмет етуде.   Жауынгерлік қаруды, жекпе-жек ұрыс тәсілдерін қолдана білуі, психологиялық және физикалық дайындығының бар болуының өзі олардың әлсіз еместігін, әрқашан қандай-да болмасын жағдайға дайын екендігін көрсетеді», - деп өз сөзінде Алматы облысы ІІД Арнайы дайындық басқармасының бастығы Мадияр Құсайынов атап өтті.