АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Алматы ATP 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 25-орындағы ресейлік, Алматы додасының 2024 жылғы жеңімпазы Карен Хачановқа тап келді.
Бірінші сетте есеп 3:3 болған мезетте ресейлік спортшы брейк жасап кетті – 6:4.
Екінші партияда тай-брейкте Бубликтің мерейі үстем болды – 7:6 (7:5).
Үшінші, шешуші сетте тай-брейкте Александрдың асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:5)
Екі сағат 25 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Бублик 21 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнтты біреуін де пайдалана алмады. Хачанов 8 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, ресейлік, Алматы турнирінің былтырғы чемпионы Даниил Медведевпен таласады. Медведев ширек финалда рейтингіде 98-сатыдағы франциялық Теренс Атманды қапы қалдырды – 6:4, 6:4.
Еске салайық, бұған дейін Елена Рыбакина Қытайдағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).