Қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен 1 желтоқсанына дейін Алматы қаласының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
«Іс-шараның басты мақсаты – әкімшілік учаскедегі пәтерлерді және үйлерді аралау, тұрғындармен байланыс орнату, ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдарды, азаматтық қарудың иелерін тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ, базарлар мен басқа да сауда орындарын тексеру», – деді Алматы қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Учаскелік полиция инспекторлары 77 114 тұрғын үйді аралады.
«Іс-шара барысында салық органдарында тіркеусіз жалға берілген 1 358 пәтер анықталды. Ақпарат шара қабылдау үшін аудандардың салық басқармаларына жіберілді. Жеке басын анықтау мақсатында 73 шетелдік азамат қабылдау бөліміне, ал 18 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына орналастырылды. Есепте тұрған 1 871 адам, сондай-ақ 6 390 атыс қаруының иелері тексерілді, нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 128 қару тәркіленді. 6 640 адам түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қорытындылады полиция полковнигі Саттаров.