Алматы полициясы алаяқтық әрекеттер жасаған қылмыстық топты әшкереледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы алаяқтық әрекеттер жасаған қылмыстық топты әшкереледі. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Қылмыстық топтың құрамында 1993, 1981, 1986 және 1992 жылы туған төрт ер азамат болған. Алдын ала мәлім болғанындай, қылмыстық әрекеттерді Өзбекстан Республикасында туып-өскен және Ресей Федерациясының азаматы болып табылатын 23 жастағы Т. есімді азамат ұйымдастырған.

«Жедел шараларды жүргізу барысында, бұл азаматтың ұйымдастырушы болғандығы анықталды. Ол ерте бастан полиция қызметкерінің жалған қызметтік куәлігін әзірлеп, полиция киімін сатып алған. Ал оның сыбайласы 35 жастағы М. есімді азамат, біздің жедел анықталған деректерге сәйкес, полиция мекемелеріндегі оперативтік қызметкер рөлін ойнаған.    

Қылмыстық топтың тағы бір мүшесі - 30 жастағы М. есімді азамат полиция қызметкері және жүргізуші рөлін ойнаған. Ал ұсталу барысында полиция киімін киінген, полиция аға лейтенанты погонын тағынған азамат өзін ішкі істер органының тергеушісі ретінде таныстырып жүрген. Төрт күдікті де күндізгі сағат 11. шамасында Бостандық ауданында орналасқан сауда үйлерінің бірінің маңынан ұсталды», - деді Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Оралбаев.

Оперативтік бөлімдегілер сондай-ақ, алаяқтық әрекеттердің алдын ала сызбасын түсіндірді. Оны алаяқтар бірнеше күн бойы мұқият дайындайтын болған. Полицияның жедел деректеріне сәйкес, алаяқтар алдымен белгілі бір жағдайларға байланысты ақшаға мұқтаж, жолсызбен жүре беретін қымбат автокөліктері бар азаматтарды іздеп табатын болған. 

«Бұдан кейін, қылмыскерлер өздерінің таныстарының арасынан жеке адамдарға қарызға ақша беріп пайда табатын адамды іздеп табады. Бірақ, міндетті түрде жаңағы қымбат көлік кепілдікке алынады. Біршама уақыт өткен соң, дәл қарыз ақшаны қайтаратын күннен бір күн бұрын, делдал болып жүрген алаяқтар екі тарапты да кездестіреді. Сол кездескен жерде нағыз спекталь ойналатын болған: Кездесу орнына аяқ астынан бейтаныс азаматтар келе қалады. Арасында бір адам полиция киімін киінген. Олар өздерін ішкі істер органдарының өкілдері ретінде таныстырады. Сөйтіп, кепілдікке алынған машинаның ұрланғандығы айтылып, тәркіленеді. Бұл жерде күдіктілер жалған хаттамалар бланкісін қолданған. Ақыр соңында, алаяқтық әрекеттердің нәтижесінде, қарызға ақша берген адам да автокөліктің иесі де алданып шыға келеді. Күдіктілерді ұстау барысында олардың біріне тиесілі «Фольксваген» автокөлігінен кісендер, полиция қызметкерінің жалған куәлігі, сондай-ақ, тергеуші хаттамасының жалған бланкілері табылып, тәркіленді», - деді полковник Оралбеков.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасындағылар күдіктілер ұсталғаннан, кейін, бір күннен кейін оперативтік қызметкерлер алаяқтық әрекеттерді ұйымдастырушының әкесі - 47 жастағы Т. есімді азаматты ұстағандығын хабарлады. Қылмыстық жолмен пайда табу идеясы соған тиесілі екен.  

Алдын ала деректер бойынша оңай олжаға құныққандар қылмыстық әрекеттерге биылғы жылдың мамыр айынан бастап кіріскен. Қазір олардың үш оқиғаға қатысы барлығы анықталды. Екі жағдай барысында қаскүнемдер «Тойота Ленд Крузер Прадо» және бір жағдайда «Мерседес Бенц-211» автокөлігін иемденген. 

Күдіктілерден жапа шеккендер болса мына телефондарға хабарласуына болады: Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасының телефондары: 254-43-80; 254-43-82 и  254-41-57.