Алматы полициясы қолданыстағы қаруларды сатып алуды бастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы қолданыстағы қару-жарақты  сатып алу туралы республикалық акция басталғанын хабарлады.

Қалалық ІІД таратқан баспасөз хабарламасына сәйкес, аталған шара қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолға алынбақ.

10 сәуірден бастап ерекше нұсқау шыққанға дейін республика көлемінде халықтың жеке оқ қарулары мен ұрыс заттары, жарылғыш заттар сатылып алынады.

«Қаруды сатып алу ҚР ІІМ бұйрығына сәйкес ерікті түрде жасалады. Қазір әр аудандық ішкі істер бөлімінде арнайы комиссия құрылып жатыр. Комиссия мүшелері қарудың техникалық ахуалын бағалап, төленетін өтемақы мөлшерін белгілейді. Сонымен қатар, өз еркімен қаруын тапсырған азаматтар қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын хабарлаймыз», - деді Алматы қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының бас инспекторы Рақым Толокулов.