«Алматы - Іздестіру» ресурсы маңызды әлеуметтік желілердің бірінде құрылды және оны басқаруға өте оңай.
«Із-түссіз жоғалып кеткен және қылмысты адамдар туралы ақпараттарды жариялауға арналған жаңа ақпараттық орта оң нәтижелерге қол жеткізуге септігін тигізеді. Бұл парақша департаменттің әр түрлі қызметтері мен бөлімшелерінен адам іздестіру жайындағы мәліметтердің келіп түсуіне қарай жаңартылып отырады. Онда әрбір жоғалған адамның фотосуреті, сауалнамалық деректері, сондай-ақ, қай күні, қай сағатта және шамамен қай жерде жоғалғаны, ерекше белгілері және тіпті киген киімі туралы да мәліметтер жарияланады. Олардан басқа, іздестіру ісі өндірісін жүргізіп жатқан лауазымды тұлғаның байланыс телефоны жазылады. Азаматтар осы телефондар бойынша хабарласып, ақпараттарымен бөлісе алды.
Біз, әлеуметтік желілердің дамып жатқандығын ескере отырып, интернет пайдаланушыларды кеңінен қамтып, қылмыскерлер мен жоғалып кеткендерді іздестіру аумағын кеңейткіміз келеді. Қоғамда белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтарымыз жетерлік деп санаймыз. Олардың келтірілген деректер бойынша білетін мағлұматтарын бізге бере алатындығына сенімдеміз», - деді Алматы қалалық ІІД ресми өкілі, полиция майоры Салтанат Әзірбек.
Бұл жерде департаментің ресми сайтында бірнеше жылдан бері «Іздестіру» айдарының жұмыс істеп келе жатқандығын айта кеткен жөн. Ол ҚР ІІМ Криминалды полиция комитетінің күшімен тұрақты түрде жаңартылып тұрады.
17:46, 16 Наурыз 2016
Алматы полициясы қылмыскерлерді әлеуметтік желі көмегімен іздестірмек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы полициясының ВКонтакте әлеуметтік желісінде із-түссіз жоғалып кеткендер мен қылмысты адамдарды іздестіруге мүмкіндік беретін жеке парақшасы ашылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.