Алматы полициясы түнгі уақытта автобәйге ұйымдастыратын жастарға айыппұл салды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы түнгі уақытта автобәйгеге шығатын жастарды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлады қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Полицияның айтуынша, «түнгі шумахерлер» ескі алаңда, Төле би мен Абылай хан, Әйтеке би, Панфилов көшелерінің қиылысында жиналғанды жақсы көреді.

Жастардың думанды отырысы жақын маңдағы тұрғындардың мазасын әбден алған. Жаз басталысымен қала тұрғындарынан жүздеген шағым түсіп үлгерген.

«Жастар музыканы бар даусына қойып, карта ойнайды. Олардың думанды отырысы қоғамдық тәртіп пен қала тазалығына нұқсан келтіреді. Әсіресе, көрші үйлердің тұрғындары тыныш ұйықтаудан қалған. Олардың көбі үлкен кісілер мен сәбилер», - деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Нұрлан Алмасбеков.

Тәртіп сақшылары бұл аймақты үнемі бақылауда ұстайды. Апта сайын бұл жерде рейд жүргізіліп тұрады.

Астана алаңында түнгі сағат 22.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін көлік қоюға рұқсат жоқ. Осы ережені бұзған 4 жүргізушіге қарсы әкімшілік хаттама толтырылды.