Алматы полициясы желтоқсанда 300-ден астам автокөліктің тұмшалағышын алып тастады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы полициясы желтоқсан айының ішінде 300-ден астам автокөліктің тұмшалағыш пленкасын алып тастады. Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция қызметкерлері бұл шараны қалада жол қауіпсіздігіне кері әсер ететін өрескел заңсыздық әрекеттерді анықтау мақсатында жүргізілген рейдтер барысында жүзеге асырды.

«Жол қозғалысы ережесінің қарапайым нормаларын елемеу, түптеп келгенде жол-көлік апаттарының көбеюіне әкеп соғады. Өкінішке қарай, кейде қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Ағымдағы айдың басынан бері жол-патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінен мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ 150 автокөлікті тоқтатты. Сондай-ақ, тағы 120 жағдайда жүргізушілердің жүргізуші куәлігі және басқа да құжаттары болмаған. Одан басқа, автокөліктерінің әйнектерін арнайы пленкамен тұмшалап алған 300 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тек қана өткен бір тәулік ішінде дәл осындай 53 дерек тіркелді. Тиісті шараны қолдану нәтижесінде аталған құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалды», - деді Алматы қ. ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев.

Сонымен қатар, ол осы желтоқсан айының ішінде 112 мас жүргізушінің автокөлік құралын басқару құқығынан айырылу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығын жеткізді.

ІІД деректері бойынша, автокөлік жүргізушілері негізінен жылдамдық режімін, жол белгілері мен таңбаларын және басқа да белгіленген нормаларды ескере бермейді.

Естеріңізге сала кетелік, 2015 жылдың басынан бері жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін Алматыда 308 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 2 153 адам автокөлігін мас күйінде басқарса, 3 811 адамның автокөлігі мемлекеттік нөмірсіз немесе ол жөнді оқылмайтын болған. Ал 3 929 адам автокөлігінің терезелерін тұмшалап алған.