Ерлі-зайыптылар 4 баласымен бірге Қазақстанға саяхатқа шыққан. Бірақ олардың көлігі бұзылып, тұратын жер таппай тұрған кезде полицейлер көмектескен.
Тәртіп сақшылары шетелдік туристерге уақытша тұрғын жай тауып беріп, көліктерін жөндеуге көмектесті.
Бұл отбасыны қазақстандықтар жақсы біледі. Екі ай бұрын Бриандар Шымкентте болып қайтқан.
«Сильва мен Вивьян Бриан бұл жолы Орталық Азия елдерін аралауға шыққан. Шымкенттен Алматыға келгенде олардың көлігінің моторы бұзылып қалған. Бұл дөңгелегі бар үлкен үй болғандықтан, көлікті жөндеу көп ақшаны талап етеді. Бұл проблеманы естіген департамент басшылығы Бриандар отбасына барынша көмек беруге тапсырма берді. Автоорталық отбасының көлігін жөндеуге жеңілдікпен қызмет көрсетті. Жөндеу жұмыстары ұзаққа созылғандықтан, полиция департаменті отбасыға уақытша үй жалдауға көмектесті», - деді қалалық ПД туристік полиция бөлімінің аға инспекторы Жеңісбек Шалбаев.
Отбасы полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Біздің мәдениетіміз әртүрлі. Қазақстандағы қонақжайлылыққа тәнтімін.Қиын жағдайға ұшырағанда Алматы полициясы көмектесті. Көп рахмет», - деді Сильва Бриан.