Бұл туралы бүгін Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
Тергеу деректері бойынша 26 жастағы Артем Хван өзі уақытша жалға алған автокөліктерді сатумен айналысқан. Кей жағдайда ломбардтарға кепілзат ретінде өткізілген автокөліктер де кездеседі. Күдікті оларды алушыларға нарық бағасынан едәуір арзанға сатуға уәде берген.
«Бір қызығы, бұл екі жағдайда да күдікті көлік құралдарын құжатсыз-ақ сатып жүрген. Енді тергеу барысында оның алаяқтық әрекеттері толығымен әшкереленетін болады. Қазір, ұсталған азаматтың үш алаяқтық әрекетке қатысы барлығы дәлелденді.
Бір өкініштісі, кейбір аңқау сатып алушылар оған автокөлік бағасының толық сомасын төлеген. Қазір Хван қамауға алынды және оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бары-жоқтығы тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында жәбірленушілердің саны артуы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, - деді осыған орай Алматы қаласы Түркісіб аудандық ІІБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Болат Тотыбаев.
Сонымен қатар Түркісіб аудандық ІІБ Артем Хванның алаяқтық әрекеттерінен зардап шеккен және оны таныған азаматтар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды: 298-54-60 және 298-54-61.