Алматыда 4 күннің ішінде 4092 жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда небәрі 4 күннің ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 4092 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

2015 жылдың 14 - 17-ші желтоқсаны аралығында ҚР Мемлекеттік күзет қызметі мен Алматы қаласының Ішкі істер департаменті бірқатар рейдтік шаралар өткізді.

Аталған күндер аралығында ІІД жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзған 4092 адамға түрлі әкімшілік шаралар қолданды. Солардың ішінде 46 адам көлікті мас күйінде айдаса, 103 адамның көлігінде мемлекеттік нөмір болмаған және 255 адам көлігінің терезелерін тұмшалап алғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды.

«Жол қозғалысы ережесін бұзудың басты факторы - жекелеген жүргізушілердің тәртіпсіздігі. Олардың кейбірі жоғары жылдамдықпен жүрсе, біреулер жол белгілеріне мән бермейді және тиісті нормаларды сақтамайды. Соңғы кездері жоғары жылдамдықпен жүргенін жасыру үшін кейбіреулер көлігінің алдыңғы нөмірлерін алып тастайтын болып жүр», - дейді қаланың ІІД-нің өкілдері.

Кейбір жекелеген жүргізушілер көлік шыныларын көлеңкелеп, жалпыға ортақ міндеттерді бұзып келеді. Ал ең басты қауіп - ол көлікке мас күйде отыру. Сондықтан, алдын алу шараларын күшейту қажет. Өйткені, құқықтық тәртіп бәрімізге ортақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Алматыда жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін барлығы 308 мың азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың 2153-і көлікті мас күйінде жүргізген, 3811 адамның көлігінде мемлекеттік нөмір болмаған, ал 3929 жүргізушінің көлігінің терезелері тұмшаланған.