Алматыда адвокат әйелді өлтірді деген күдікпен оның бұрынғы күйеуі ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында жедел-іздестіру шарасы барысында 1971 жылы туған Н. есімді азамат ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметке сенсек, ол ҚР ҚПК 128-бабына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Бұрын хабарланғандай, тергеу барысы ҚР ІІМ мен Алматы қалалық ПД басшылығының бақылауында» деп мәлім етті полиция.

Еске сала кетейік, бүгін Алматыда кісі қолынан көз жұмған заңгер әйелдің өліміне күйеуі қатысты болуы мүмкін екенін хабарлаған едік.

Алматы қалалық полиция департаменті осы аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен марқұмның бұрынғы жұбайы – 1974 жылы туған Н. іздеуде екендігін растаған.