Алматыда ағаш шеберханасындағы өрт тепловизорлардың көмегімен сөндірілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ағаш бұйымдары мен ағаш материалдары жанып жатқан қоймадағы өрт тепловизорлардың көмегімен сөндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қараша күні сағат 01:21-де Алматы қаласы Төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндіру бөлімшелерінің 15 техникасы, жеке құрамның 50-ден астам адамы Айша бибі, 387а мекенжайындағы өртке байланысты шақыртуға аттанды.

«Алты минуттан кейін келген бірінші өрт сөндіру бригадасы ағаш өңдеу цехында өрт шыққанын анықтады.

Ғимараттың үстіңгі бетон жабыны мен жылу оқшаулағыш материал ретінде күлмен толтырылған аспалы төбенің арасында қуыстар болған. Салдарынан өрт төбенің кеңістігінен өтіп, күл қалдықтарына тарай бастады. Жалынның құрғақ ағаш материалдар жиналған жайларға таралу қаупі туындады.

Тілсіз жауды ауыздықтау үшін өрт сөндірушілер жасырын жану көздерін анықтау үшін тепловизорлар пайдаланды», - деп хабарлады ТЖД.