2016 жылдың 5 қаңтарында полиция бөліміне 1959 жылы туған Абай Әзбергеновтің үстінен арыз келіп түсті. Онда жәбірленуші өткен жылдың тамыз айында күдіктіге 85 мың доллар бергенін жазған. Ол соның көмегімен 4 бөлмелі арзан пәтер алуға үміттенген екен.
«Белгілі болғанындай, Әзбергенов жәбірленушілерді «құны нарық бағасынан арзан пәтерлер алуға көмектесемін», - деп сендірген.
Басқа бір жағдайда алаяқтың қолынан 28 жастағы азамат зардап шекті. Ол да осындай ниетпен, өткен жылы көктемде күдіктіге 79 800 доллар берген. Күдікті бұл ақшаға екі пәтер алып беруге уәде беріпті. Үшінші бір жағдайда жәбірленуші Әзбергеновтің көмегімен қала орталығынан жер телімін алуға әрекеттенген. Бұл үшін күдіктінің қолына 29 мың долларды ұстатқан. Барлық жағдайда күдікті уәдесін орындамаған. Ақшаны ала салысымен телефон нөмірін өзгертіп, «клиенттерінен» бой тасалап жүрген», - деді Алмалы аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Асқар Болатов.
Аудандық ІІБ хабарлауынша, қазір Абай Әзбергенов ұсталып, Алматы қ. ІІД абақтысына қамалды. Оның қылмыстық әрекеттері ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-шы бабының 2-ші және 4-ші тармағы бойынша қаралады.
«Тергеу барысында күдікті жәбірленушілердің сөзін растап, өзінің кінәсін толығымен мойындады. Ол алған ақшаларды өз қажетіне жұмсаған. Ал пәтер және жер телімдерін алып беруге мүмкіндігі болмаған. Егер одан зардап шеккен адамдар болса, мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұраймыз: 254-46-01 және 254-46-03», - деді полковник Болатов.