Бұл туралы қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін тұрғындармен есептік кездесуінде айтты.
Шаһар басшысының айтуынша, биыл Алматыда қоғамдық көлік жылы деп жариялануы мүмкін. 2013-2014 жылдары қалада жолаушылар тасымалдаудың 50 пайызын муниципалды қоғамдық көлік қамтитын болады. Ағымдағы жылдың аяғына дейін 2-ші муниципиалды парк жұмысын бастап, Еуропа қайта құру және даму банкінің қаражатымен кезекті 200 автобус сатып алынбақшы. Сондай-ақ Алматы қаласында көлікті дамыту аясында қалаға кіретін көліктер үшін 4 автовокзал мен 2 автостанса салынады. Оларда сырттан келген көліктерге арналған әрқайсысының сыйымдылығы 5 мың орындық паркингтер болады. Жергілікті бюджет есебінен көлік тұратын алаңдар 200 жаңа автобуспен және 200 жаңа таксимен қамтамасыз етіледі. Олар сырттан келгендерді Алматының орталығы мен метроның «Райымбек» стансасына дейін жеткізеді.