Алматыда бойжеткенді ұрлағандардың аты-жөндері анықталып, оларға іздеу жарияланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда таңертең 08 сағат 50 минутта қалалық ІІД жедел басқарма орталығының 102 қызметінің пультіне жергілікті тұрғындардан бір бойжеткенді белгісіз біреулердің машинаға зорлап отырғызып алып кеткені жөнінде хабар келіп түсті, деп хабарлайды Алматы қ. ІІД баспасөз қызметінен.

«Оқиға орнына тез арада жол-патрулдік полиция экипажы мен Бостандық ауданының ІІБ жанындағы полиция бөлімінің тергеу-оперативтік тобы келіп жетті. Көп ұзамай, автокөлік пен оның иесінің аты-жөні анықталды», делінген хабарламада.

Қазір бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 125-ші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес Басқармасы мен полицияның басқа да бөлімдері қызметкерлері бойжеткеннің қай жерде екендігін анықтау және осы қылмысқа қатысты азаматтарды ұстау бойынша тиісті шаралар қолданып жатыр.