Мерекелік қойылымды мүмкіндігі шектеулі балалар, жетім және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балалары тамашалады.
Келушілер назарына Әсел мен Батыржан Бейсеновтердің түйелерінің «Сиқырлы керуені», Тимур Қоржымбаевтың үйретілген иттері өнер көрсетті.
Халықаралық байқаулардың жеңімпаздары әуе акробаттары Қанафина Әлия мен 11 жастағы Мария Стародубованың өнері көрермендерді таңдандырды.
Сондай-ақ, мачта акробаттары, әуе гимнастарының қойылымы жұртшылық көңілінен шықты.
Әсіресе, көпшіліктің көңілін өнерпаз Жайдарбек Күнқожановтың жетекшілігіндегі халықаралық байқаулардың жеңімпазы, қазақ циркінің мақтанышы «Номад» атты-акробатикалық тобы бір серпілтіп тастады.
Өнерпаз қыз-жігіттер шауып бара жатқан аттың бауырынан өтіп, ат құлағында ойнады.
Дүйім жұрттың назарын «Сталь» тобының күш-қайрат шоуы аударды.
Жігіттер білеудей темірді мойнымен оп-оңай иіп, көліктің шиналарын допша атты.
Екі иығына екі кісі мінгендей екі жігіт салмағы 2 тонна болатын көлікті орнынан оңай қозғады. Айта кету керек, көлікке көрермендердің арасынан 8 адам отырды.