Алматыда джипін тротуарға қойған жүргізуші жауапкершілікке тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жол талғамайтын көлігін тротуарға қойған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

Жол қозғалысы ережесінің бұзылғандығы туралы бұл деректі полиция бөлімшесіне белсенді азаматтық ұстанымға ие азаматтар хабарлады. 

«Біздің бөлімшеге келіп түскен фотосуретте «БМВ» маркалы автокөлік суреттелген. Оның жүргізушісі жол қозғалысы ережесін елең қылмай, автокөлігін тура адамдар жүретін тротуарға қойған.

Оның әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 597-бабының 2-ші тармағында қарастырылған құқық бұзушылық әрекеттердің нышаны байқалады.

Жүргізушінің аты-жөні тез арада анықталып, жауапкершілікке тартылды.

28 жастағы автокөлік жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бұзғандығымен келісті және бұл туралы әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасына тиісті жазба қалдырды. Жалпы, өндіріс материалында заң, құқық бұзушылық әрекеттерді бейнелейтін фотосуреттің және оны сипаттаушы деректердің болуы - даусыз дәлел болып табылады», - деді Алматы қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.