АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласында 7-9 сәуір күндері дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтеді. Аталған жарыс Бекет Махмұтовты еске алуға арналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы қаласындағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтетін сайыста жасөспірімдер (2006-2007) мен жастар (2003-2005) бәсекеге түседі.
IJF ережесіне сәйкес Азия кубогының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне рейтингіге ұпай қосылады. Жарыс жеңімпазына - 100, күміс жүлдегерге - 60, қола жүлдегерге - 40 ұпайдан беріледі.
Азия кубогы биыл алтыншы рет ұйымдастырылады. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Гонконг, Түрікменстан, Грекия, Грузия және АҚШ-тан барлығы 400-ден астам дзюдошы қатысады деп жоспарланған.
Бекет Сапабекұлы Махмұтов 2009-2012 жылдары аралығында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті болды. Сондай-ақ Азия дзюдо одағының вице-президенті қызметін атқарған.
Бұған дейін қазақстандық дзюдошылар әлемдік рейтингіде көрсеткіштерін жақсартқанын жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.