Алматыда екі бірдей қалта ұрысы қолға түсті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалтаға түсуді кәсіп еткен екі бірдей ұры ұсталды. Қазір олардың басқа да қылмыстарға қатысы бары-жоғы анықталып жатыр. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД-ның баспасөз қызметінен хабарлады.

Полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, күдіктілердің бірі 29-шы бағыттағы автобустың салонында тонаушылық әрекетпен айналысқан. Тәртіп сақшылары оны осы автобуста ұстады.

«Күдікті Достық және әл-Фараби даңғылдарының қиылысында қолға түсті. Медеу аудандық ІІБ тергеу-жедел тобының қызметкерлері тінту жүргізіп, оның қалтасынан осыдан бірнеше минут бұрын ұрланған ұялы телефонды тауып, тәркіледі. Қазір бұл телефон заттай айғақ ретінде тіркелді. Ал, қолға түскен 32 жастағы азаматтың бұған дейін де осындай қылмысы үшін қылмыстық жауапқа тартылғандығы белгілі болды. Ал оңай олжаға құныққан тағы бір күдікті бүгін Орталық базар аумағында ұсталды. Ол да бөгде біреудің ұялы телефонын ұрлап жатқан сәтінде қолға түсті. Бұл азамат та бұған дейін қылмыстық жауапқа тартылған», - деді Алматы қалалық ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жанболат Зиадин.

Айта кетелік, Алматыда жыл басынан бері қалтаға түскіш ұрыларға қарсы тәжірибелі полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топ күресіп жатыр. Олар Криминалдық полиция басқармасы қарамағында құрылған. Бұл бөлімше қызметкерлерінің міндеті -қалта ұрыларын анықтап, дер кезінде қолға түсіру.

Мұндай қылмыстардың көбінесе адамдар көп жиналған жерлерде және қоғамдық көліктерде жасалатындығын айта кеткен жөн.