Алматыда ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Қылмыстық іс 2015 жылы қозғалған еді. Күдіктіге жанармай стансасының жалған құжаттарын кепілге қойып, 50 млн теңге көлемінде несие алды деген айып тағылды. Бұлтартпау шарасы ретінде оны қамауға алу туралы шешім шыққанына қарамастан, ол заң орындарынан жасырынып жүрген. 

«Универсиада қарсаңындағы жедел профилактикалық тексеру барысында криминалды полицейлер 40 жастағы күдіктіні Жетісу ауданынан тауып алды. Қазір ол уақытша оқшаулағышқа қамалды», - деді С.Әзірбек.

Оның айтуынша, тексеру шарасы басталғалы бері жалпы алғанда 21 қылмыскер ұсталған. Оның ішінде Павлодар, Астана, Шығыс Қазақстан облыстарында іздеуде жүрген күдіктілер бар.