Қалалық криминалдық полицияның мәліметіне сәйкес, Алматыда «Камерад» қару-жарақ дүкенін тонаған үш адам ұсталды. Олардан бес мылтық тәркіленді.
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбековтің айтуынша, екі күдікті – Алматы облысының, тағы біреуі Жамбыл облысының тұрғыны. Ол бұрын тонау бойынша да сотты болған екен. Олардың жасы 22-24 арасында.
«Алматы облысы, Қарасай ауданы аумағында арнайы іс-шара барысында екі күдікті ұсталса, тағы бір айыпталушы Алматыдағы Достық даңғылындағы сауда үйінде тұтқындалды. Олар қамауға алынды. Ұсталғандардың басқа да заңсыз әрекеттерге, соның ішінде қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – деді Берік Әбілбеков.
Тәркіленген қару сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.