Алматы қалалық ІІД-нің Жол-патрульдік полиция полкінің полицейі, полиция сержанты Жалғас Келдібаев Алматы қаласы, Алмалы аудандық ІІБ шабуыл жасаған террористі ұстау кезінде жараланған. Алматы қаласы 12-ауруханада жансақтау бөлімінің дәрігерлері Жалғас Келдібаевті аман алып қалу үшін еңбек етті.
Жалғас Келдібаевті ақтық сапарға шығарып салу үшін туыстары мен жақындары, қызметтестері, көршілері мен достары, ауылдастары және Жамбыл облысы жетекшілігінің, Жамбыл және Алматы облысы ІІД өкілдері келді.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов нағыз батырды тәрбиелеп өсірген марқұмның отбасына көңіл айтты. Алматы қаласы ІІД-нің басшысы, генерал-майор Серік Күдебаев құқық қорғау органдарындағы қиын әрі қауіпті қызмет жайлы, отандастардың бейбіт өмірі мен қоғамдық қауіпсіздікті күзетудегі Қазақстан полициясының жоғары жауапкершілігі туралы айтты. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың полицей отбасына көңіл білдірген хаты оқылды.
Қордайлық журналист Құрманбек Әлімжанның айтуынша, Жалғас Келдібеков Отар ауылының тумасы. Ол қарапайым отбасында, теміржолшы Аманбай Келдібаевтің жанұясында өскен.
«Бірінші қыркүйек күні Жалғас 24 жасқа толар еді», - деді Қ.Әлімжан.
Айта кетейік, 27 жастағы Руслан Күлекбаев 2016 жылғы 18 шілдеде Алматы қаласының аудандық ІІБ біріне және ҰҚКД ғимаратына шабуыл жасады. Салдарынан бес адам - үш полицей, шекарашы және зейнеткер қаза тауып, сегіз адам жарақат алған. Кейіннен ауруханада ауыр жараланған үш полицей көз жұмды.