Алматыда көпірден секірмек болған ер адам құтқарылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда көпірден секірмек болған ер адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Алматының Жетісу ауданында болды. Өзі-өзіне қол жұмсамақ болған егде жастағы адамды бірінші болып «Буран-173» патрульдік полициясының экипажы байқады.

«Біз кезекшілікте болған кезде, Солтүстік айналма көшесі бойындағы көпірде бір адамды көрдік.Ол көпірден секірмекке әрекеттеніп жатты. Қызметтік көлігімізбен жылдам айналдық та, бірден сол жаққа бардық. Менің әріптесім жүгіріп барып, егде жастағы адамды ұстап үлгерді», - деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің қызметкері Ерлан Шаяхмет.

Сонымен қатар, патрульдік полиция қызметкерінің әріптесі бірнеше секунд ішінде қимылдау керек болғандығын айтты.

«Мен көліктен жүгіріп шыққанша, бұл адам бір аяғын көпірдің қоршауының үстінен шығарып үлгерді. Бірақ мен оның шалбарының белдігін тез ұстап алдым да, өзіме қарай тарттым. Бұл шамамен 63 жастағы егде адам. Ол бордюрге отырып, еңкілдеп жылады. Отбасы оны тастап кеткен екен. Біз оқиға туралы жедел кезекшіге хабарладық және ер адамды Жетісу аудандық полиция басқармасына алып келдік, оған алдымен психологиялық көмек көрсетілді», - деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ патрульдік полиция полкінің қызметкері Абылайхан Оқас.

Анықталғанындай, ол мас болған.