Алматыда күзет қызметкерлері өз клиенттерін тонап келген

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жекеменшік үйлерді күзетуді мойнына алған ЖШС қызметкерлері сол үйлерді тонап отырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Олар үй иелерінің жоқтығын пайдаланып құнды заттарды үптеп отырған.

Қалалық Полиция департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, 23 жастағы үш жігіт пен 54 жастағы ер адам үй иелері туралы барлық мағлұматты білген соң, олардың үйде жоқтығын пайдаланған. Бір түнде екі үйге түсіп, жарты миллион теңгенің мүлкін тонаған.

«Үй иелерінен шағым түсе бастаған соң тергеушілер видеокамералардағы ақпаратты тексере бастады. Сол кезде ұрылардың күзет қызметінің қызметкерлері екендігі анықталды. Олар мінген көлігі арқылы танылды. Қазір төртеуі де уақытша оқшаулау орнына қамалды. ҚР ҚК 188-бабының 3-бөліміне сәйкес тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді Наурызбай ауданы полиция басқармасының басшысы Дидар Ақанов.