Алматыда лаңкестікке қарсы операция барысында ұсталған күдіктінің бірнеше атыс қаруы болған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда лаңкестікке қарсы операция барысында ұсталған күдіктінің бірнеше атыс қаруы болған. Бұл туралы Алматыда өткізілген баспасөз брифингі барысында Алматы қалалық ІІД ресми өкілі әрі Алматы қалалық Терроризмге қарсы күрес бойынша шұғыл штабтың ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлім етті.

«Қолға түскен 27 жастағы Қызылорда облысының тумасында бірнеше атыс қаруы болған. Алдын ала деректер бойынша ол бүгін күндіз 11:00 шамасында ең бірінші Алмалы АІІБ күзетшілеріне шабуыл жасаған. Шабуыл барысында күзетте тұрған полиция қызметкерінің автоматын иемденген. Осы жердегі  атыс барысында бір бейбіт тұрғын қаза тапты. Одан кейін ол ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті ғимараты аумағында күзетте тұрған полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады. Одан кейін, жеке автокөлікті иемденуге әрекеттенген. Бұған қарсылық көрсеткен жүргізушіні атып өлтіреді. Дегенмен, күдіктінің барлық жүрген жолдары, жасаған қылмыстары алдағы күні толығымен анықталатын болады», - деді С. Әзірбек.

Айта кетелік, белгілі болғанындай, қолға түскен күдікті өткен күні түнгі уақытта жеке таксис жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған. Соның салдарынан таксидегі жолаушы әйел қаза тапқан.

Қазір, ұстау барысында жарақат алған күдікті қамауда.

Тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.